Келес ауылы маңындағы ет комбинатына жергілікті жұрт жаппай қарсы шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Мақташы ауылының халқы өндірісті елдімекеннен алысырақ көшіруді талап етті

Фото: pixabay.com

Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Мақташы ауылының тұрғындары ауыл маңында ірі мал бордақылау және сою кешенінің салынуына үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті әкімдік жеке кәсіпкерге Қошқарата ауылдық округінен 20 гектар жер бөліп берген. Инвестор бұл аумақта 8 млрд теңге қаржыға заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнын салуды жоспарлап отыр.

Алайда ауыл халқы өндірістік нысанның елдімекенге тым жақын орналасуы экологияға зиян келтіріп, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді деп алаңдайды. Тұрғындар қоғамдық тыңдаулардың өткенінен бейхабар қалғандарын айтып, ашық наразылық білдірді. Ауыл тұрғыны Әлфараби Мыңбайдың сөзінше, Мақташы жел өтінде орналасқан. Сондықтан өндірістен шығатын жағымсыз иіс ауылды түгел басуы мүмкін.

«Ауылымыз жел өтінде орналасқан. Жел тұрса болды, өндірістен шығатын жағымсыз иіс тікелей ауылға келетіні анық. Ауылда жайылым жер өте тапшы. Халықтың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы. Цех салынатын жер қазіргі қолданыстағы жайылым. Бұл халықты нәпақасынан айыру. Ең маңыздысы адам денсаулығы. Ауылда жас балалар мен қариялар көп. Мал сою цехтарынан шығатын қалдықтар, иіс, санитарлық қауіп түрлі ауруларға алып келуі әбден мүмкін», – дейді

Тұрғындар кәсіпкерлікке қарсылықтары жоғын жеткізді.  Бірақ, зауыт ауыл іргесіне емес, арнайы өндірістік аймақта салынуын талап етті. Қараша бұл наразылық тек ауылдың емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына қатысты екенін еске салды. 

Келес ауданы әкімдігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында тұрғындардың уәжі назарға алынғанын мәлімдеді. Аудан әкімінің кеңесшісі Ержан Әшімовтің айтуынша, инвесторға Ақтөбе ауылдық округінен балама жер телімі ұсынылған.

«Қазіргі таңда инвесторға Ақтөбе ауыл округінің аумағынан қосымша жер телімі ұсынылды. Жер рәсімдеу жұмыстары аяқталған соң, жобаның құрылысы сол аумақта басталады. Сонымен қатар, кәсіпкер бұған дейін бөлінген 20 га аумақта қосымша кәсібін дамытуға ниеттеніп отыр. Жобаның басты ерекшелігі – жағымсыз иіс пен қалдықтардың қоршаған ортаға таралуына жол бермейтін заманауи экологиялық шешімдердің қарастырылуы», – деді.

Мәселе көтерілгеннен кейін Қошқарата ауылдық округінде тұрғындармен арнайы кездесу ұйымдастырылып, жоба жан-жақты түсіндірілді. Әкімдік өкілдері кез келген өндіріс нысаны экологиялық талаптарға сай келмейінше іске қосылмайтынын және бұл мәселе ашық түрде талқылана беретінін жеткізді.