Шығыс Қазақстанда ЖРВИ өршіп тұр: 130 мыңнан аса адам жұқтырған
ЖРВИ жұқтырғандардың балалар арасында анықталды
Шығыс Қазақстан облысында маусымдық індет күшейіп, ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандар саны 130 мыңнан асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері, яғни 1 қазаннан осы уақытқа дейін өңірде 132 406 адам жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Науқастардың басым бөлігі балалар. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 81 337 жағдай тіркелсе, бір жасқа толмаған нәрестелердің өзі індеттен тыс қалмаған. Бұл санатта 1543 бала ауырған.
ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиевтің мәліметінше, тұмаудың зертханалық түрде расталған 182 жағдай анықталған.
«Тұмаудың зертханалық расталған 182 жағдайы тіркелді, оның барлығы Гонконг тұмауы деп аталатын A/H3N2 вирусы. Жұқтырғандардың 92-сі – 14 жасқа дейінгі балалар»,- деді департамент басшысы.
Бұдан бөлек, облыс аумағында басқа да вирустық инфекциялар анықталған. Атап айтқанда, риновирус жұқтырған 73 адам, аденовируспен ауырған 35 тұрғын және бокавирус анықталған 3 жағдай тіркелді. Сонымен қатар коронавирус инфекциясының 6 дерегі расталды.
Мамандар эпидемиологиялық ахуалдың күрделене түсуіне байланысты тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Әсіресе адам көп жиналатын орындардан аулақ болып, жеке гигиенаны сақтау, алғашқы белгілер байқалған жағдайда уақыт созбай дәрігерге қаралу қажет екенін ескертеді.