Рекордтық аяз: ШҚО ауылында термометр -56 градусқа дейін төмендеді

Автор: Дәулет Ботагөз

Ауылда 59 адам тұрып жатыр

Фото: © istockphoto.com

Қазақстанның ең шеткі шығыс нүктесінде нағыз үскірік аяз көтерілді. Марқакөл ауданына қарасты Шанағатты ауылында ауа температурасы -56°C градусқа дейін төмендеп, ел тарихындағы ең суық күндердің бірі ретінде тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қазақстанның «суық полюсі»

Шанағатты ауылы Марқакөл ауданының ең шеткі нүктесінде, шағын ойпатта орналасқан. Дәл осы географиялық ерекшелігіне байланысты мұнда суық ауа массасы тұрып қалып, температура рекордтық деңгейге дейін түседі.

Қазіргі уақытта мұндағы 25 үйде 59 адам тұрып жатыр. Кішкентай ауыл болса да, мұнда медпункт, дүкен, бастауыш мектеп жұмыс істеп тұр және интернет бар. Жергілікті оқушылар 5-сыныптан бастап 30 шақырым жердегі Төсқайың ауылына барып оқиды.

Марқакөлдіктер үшін бұл үйреншікті жағдай

Марқакөл ауданының әкімі Рустембек Кемешевтің айтуынша, жергілікті халық мұндай қатал қысқа әлдеқашан үйренген. Бұл аймақтағы ең төменгі температура 1969 жылы -62°С болып тіркелген екен.

«Бұл ШҚО-ның ең шеткі нүктесі, сондықтан адамдар аязға үйреніп кеткен. Қазіргі уақытта ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ, тұрғындардың көңіл-күйі жақсы. Соған қарамастан, біз жағдайды үнемі бақылап отырмыз», — деді аудан әкімі.

Төтенше жағдай қызметінің ескертуі

Осындай рекордтық төмен температура кезінде техниканың істен шығу қаупі жоғары. Сондықтан құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдері тұрғындарға:

1. Алыс сапарға шықпауды;

2. Мал басын жылы қорада ұстауды;

3. Пеш жағу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауды ескертеді.