Батыс Қазақстанда заңсыз аң аулаған тұрғынға қылмыстық іс қозғалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әлеуметтік желідегі бейнежазба қылмыстың бетін ашты

Фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында заңсыз аң аулаған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бөрлі ауданының тұрғыны Батыр Сейкенов әлеуметтік желіде Александров ауылы маңында браконьерлік фактісі тіркелгенін хабарлады. Оның айтуынша, оқиға болған жерде еліктің терісі мен аяқтары, атылған гильзалар, оқ-дәрі қораптары, сондай-ақ ауыр техниканың іздері қалған. Тіпті қоқыстың арасынан дүкеннен алынған чектер де табылған.

«Қоқыстың арасынан дүкеннен сатып алған чектерге дейін табылды. Сондықтан дүкендегі бейнежазбаларды қараса, браконьерлерді табу қиынға соқпайды», - деді Б.Сейкенов. 

БҚО полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Ақсай қаласының 1985 жылы туған тұрғыны анықталып, қолға түскен. Күдіктінің үйін тінту кезінде тіркелген екі атыс қаруы, қоңыр түсті зат іздері бар киім мен аяқкиім тәркіленді.

«Аталған дерек бойынша заңсыз аң аулау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Есек салайық, былтыр елде браконьерлікке қарсы 4 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 90-нан аса қылмыстық іс қозғалды. Тексеру барысында заңсыз ауланған балық пен аң-құс, сондай-ақ заңсыз дайындалған ағаш материалдары тәркіленді. Тәртіп бұзушыларға жалпы сомасы 39 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.