Павлодарда қатты аяздан 16 адам саусағынан айырылды
Қыс басталғалы үсік шалған 24 адам ауруханаға түскен, балалар ауруханасына 2 бала жеткізілген
Павлодарда қыс басталғалы үсік шалу деректері көбейіп, ондаған адам дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық №1 аурухананың мәліметінше, өткен жылдың қазан айынан бері үсік шалған 24 адам медициналық көмекке жүгінген. 16 науқас ауыр жағдайда болғандықтан, дәрігерлер аяқ-қол саусақтарын кесуге мәжбүр болған.
Аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі Асхат Мүрсәлімов биыл суық ерте түскенін еске салды. Оның сөзінше, алғашқы науқастар қазан айының соңында, аяз бір аптаға созылған кезде келе бастаған.
«Биылғы күзде ауа райы тосыннан суытып кетті. Сол себепті үсік шалғандар ерте тіркеле бастады. Ал соңғы қатты аяздар кезінде жедел жәрдеммен жеткізілген ауыр науқастар көбейді. Кейбірінің жарақаты тым асқынып кеткендіктен, саусақтарын ампутациялауға мәжбүр болдық», – дейді дәрігер.
Соңғы аптада облыстық балалар ауруханасына да үсік шалған екі бала жеткізілген. Бір бала тексерістен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген.
Ал 2024 жылы туған бүлдіршін Железин ауданынан шұғыл жеткізіліп, екі қолы мен саусақтарының үсік шалғаны анықталды. Қазір ол жарақат бөлімінде ем қабылдап жатыр, дәрігерлердің айтуынша, жағдайы тұрақты.
Мамандар тұрғындарды аязды күндері жылы киініп, ұзақ уақыт далада жүрмеуге, балаларды да суықтан қорғауға шақырады.