Алаяқтардың құрған тұзағы өте қарапайым әрі сенімді көрінеді
Telegram желісінде электронды кітаптарды тегін ұсынатын боттар арқылы жаңа алаяқтық схема белең алып жатыр. Қазақстанның Бас прокуратурасы бұл «тегін дүниенің» артында ақшаңыз бен жеке деректеріңізді ұрлайтын вирустар тұрғанын ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алаяқтардың құрған тұзағы өте қарапайым әрі сенімді көрінеді. Оқиға желісі келесідей дамиды:
1. Ұсыныс: Қолданушыға Telegram-да жазылусыз және ешқандай шектеусіз үлкен онлайн-кітапханаға кіру мүмкіндігі туралы хабарлама келеді.
2. Имитация: Сіз іздеген кітабыңызды сұрағанда, бот нақты сервистің жұмысын қайталап, шығарманың қысқаша мазмұнын жіберіп, «жүктеу» батырмасын ұсынады.
3. Тұзақ: Ең маңызды сәт — файл орнына сізге арнайы қосымшаны орнатуды сұрайды. Міне, нақ осы файлдың ішінде зиянды бағдарлама жасырылған.
Егер сіз кітаптың орнына ұсынылған бейтаныс қосымшаны смартфоныңызға орнатсаңыз, келесі қауіптерге тап боласыз: Банк қосымшаларына рұқсат алып, шоттағы қаражатты жымқыру; Жеке деректер: Парольдерді, хат-хабарлар мен жеке фотосуреттерді қолды қылу; Хакерлердің смартфоныңызды сырттай басқарып, микрофон мен камераны қосу мүмкіндігі; Смартфондағы барлық ақпараттың жоғалуы.
Бас прокуратура азаматтарды барынша сақ болуға шақырады.
«Ешқашан бейтаныс дереккөздерден және Telegram боттардан .apk немесе .exe форматындағы файлдарды орнатпаңыз. Ресми емес дереккөздерден жүктелген қосымшалар кез келген уақытта смартфоныңызды «троян» вирусына айналдыруы мүмкін», — деп ескертеді ведомство.
Есіңізде болсын: Нағыз электронды кітаптар әдетте .epub, .pdf немесе .mobi форматында болады. Егер сізден «кітап оқу үшін» бөлек қосымша орнатуды сұраса — бұл 100% алаяқтық.