Зәулім үйдің 10-қабатындағы пәтерлердің бірінен от шыққан
Елорданың Алматы ауданындағы 14 қабатты тұрғын үйлердің бірінде ірі өрт шығып, құтқарушылар бірнеше адамды, соның ішінде екі баланы ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға бүгін, 17 қаңтар күні таңертең болды. Б. Момышұлы даңғылында орналасқан зәулім үйдің 10-қабатындағы пәтерлердің бірінен от шыққан. Төтенше жағдайдың ауқымына байланысты өрт сөндірушілер жоғары дәрежелі шақырту бойынша аттанды.
Құтқарушылар жеткен бойда 10-қабаттағы балконның ашық отпен жанып жатқанын анықтады.
Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары дереу барлау жұмыстарын жүргізіп, өртті сөндіруге кірісті.
Өрт кезінде қою түтін жоғарғы қабаттарға тез тараған. Өрт сөндірушілер батыл әрекет етіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды:
Құтқарушылар көрші пәтерде қалып қойған екі баланы аман алып шықты.
Жоғарғы қабаттардан барлығы сегіз адам шұғыл түрде көшірілді.
«Қазіргі уақытта өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Тілсіз жаудың неден шыққаны анықталуда», — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаменті көпқабатты үй тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, балкондарда тез тұтанатын заттарды сақтамауды және электр желілерінің дұрыстығын қадағалауды сұрайды.