Қазақстанның алты қаласында ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ауа райының белгілі бір факторлары зиянды заттардың сейілуіне кедергі келтіреді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде ауаның ластануына байланысты шұғыл хабарлама таратты. Бүгін, 17 қаңтарда, атмосферада зиянды қалдықтардың жиналуына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар орнайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Қай қалаларда ауа ластанады?

Мамандардың болжамы бойынша, ауа райының белгілі бір факторлары зиянды заттардың сейілуіне кедергі келтіреді. Шұғыл тізімге келесі қалалар енді:

• Көкшетау

• Павлодар

• Өскемен

• Семей

• Риддер

• Петропавл (түнде)

Қолайсыз метеожағдай дегеніміз не?

ҚМЖ — бұл зиянды заттардың атмосфераның жер беті қабатында жиналуына әкелетін табиғи құбылыстар жиынтығы. Оған желдің болмауы (штиль), әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия жатады.

Мұндай сәтте өндіріс орындары мен көліктерден шығатын түтін жоғары көтерілмей, адамдар тыныс алатын деңгейде «тұрып» қалады. Бұл қала тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Денсаулықты қалай қорғау керек?

Ауа сапасы нашарлаған кезде мамандар қала тұрғындарына келесі сақтық шараларын сақтауды ұсынады:

1. Серуенді шектеңіз: Далада, әсіресе автотрассалар мен ірі өндіріс нысандарына жақын жерде болу уақытын барынша қысқартыңыз.

2. Терезелерді жабыңыз: Үйді желдетуді ауа райы жақсарғанға дейін кейінге қалдыра тұрған жөн.

3. Дәрі-дәрмек: Өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиясы бар адамдар далаға шыққанда қажетті дәрілік препараттарын жанында ұстауға тиіс.