Атырауда №51 бағыттағы автобуста болған жанжал жұрттың жағасын ұстатты
Атырау қаласындағы №51 бағыттағы қоғамдық көлікте жолаушылар арасындағы жанжал студент қыздың соққыға жығылуымен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан орта жастағы әйелдің студент қыздың шашынан жұлып, бетіне тырнағаны анық көрінеді. Зардап шеккен бойжеткеннің айтуынша, оқиға аялдамадан мінген әйелдің өзге жолаушыға орын беруді талап етуінен басталған.
«Автобусқа кірген сәттен бастап әлгі әйел айқайлап, әркіммен агрессивті түрде сөйлей бастады. Ол кішкентай баласымен болды. Қасыма келіп, жанымда тұрған бейтаныс ер адамға орын беруді талап етті. Мен орнымды босатуға ыңғайланғанымда, ол кісі келесі аялдамадан түсетінін айтып, отыра беруімді сұрады. Сол кезде әйел себепсіз басымнан ұрып жіберді. Неге бұлай істегенін сұрағанымда, балағат сөздер айтып, кейін шашымнан тартып, бетімді тырнады», – дейді жәбірленуші.
Куәгерлердің сөзінше, автобус лық толы болғандықтан, жолаушылар екі әйелді бірден ажырата алмаған. Сол аралықта студент қыз бірнеше рет соққы алған.
Оқиғадан кейін бойжеткен полицияға арызданған. Алайда жарты күн өтсе де, күдікті әйелдің табылмағанын айтып отыр.
Желі қолданушылары қоғамдық көліктегі тәртіп пен өзара сыйластықтың маңызын атап өтіп,кейбір ересек адамдарға тәрбие сағатын өткізуді ұсынды. Көпшілік мұндай әрекеттерге заң аясында қатаң шара қолдану керектігін жазуда. Сондай ақ, кінәлі тұлғаның жауапсыз қалмауын сұрап, құқық қорғау органдарын істі жіті тексеруге шақырды.