Екатеринбург-Худжанд бағытымен жүрген автобус жол ортасында істен шыққан
Ақтөбе облысында жолда тұрып қалған автобустан 46 шетел азаматы эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 16 қаңтар күні кешкі уақытта болған. Әйтеке би ауданында республикалық маңызы бар «Қостанай-Рудный-Денисовка-Комсомольское-Қарабұтақ» автожолының 89-шақырымында тіркелді. Екатеринбург-Худжанд бағытымен келе жатқан жолаушылар автобусы техникалық ақауға байланысты жол үстінде тоқтап қалған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын жедел ұйымдастырған. Нәтижесінде автобус ішіндегі 46 адам, оның ішінде Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары, сондай-ақ көлік жүргізген Қазақстан азаматы эвакуацияланды.
Құтқарылған жолаушылар Т. Жүргенов атындағы ауылдағы арнайы жылыту пунктіне жеткізілді. Оларға қажетті медициналық және өзге де көмек көрсетілді. Абырой болғанда, аязда қалған адамдар зардап шеккен жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметі қыс мезгілінде алыс сапарға шыққан азаматтарды жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеруге және ауа райы болжамын ескеруге шақырды.