Рауза Қонаева 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысы Шелек ауылында дүниеге келген
Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, ғалым Рауза Минлиахмедқызы Қонаева өмірден өтті. Бұл туралы 2026 жылғы 16 қаңтарда Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қор таратқан хабарламада айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қор ұжымы Рауза Минлиахмедқызының туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Рауза Қонаева 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысы Шелек ауылында дүниеге келген. Ол Минлиахмед пен Зәуре Қонаевтардың 11 баласының ішіндегі ең кенжесі.
«Рауза мен үлкен бауырлары арасындағы жас айырмашылығы едәуір үлкен болған. Мәселен, әпкесі Әмина 27 жас үлкен, ал Асқар Минлиахмедұлы өзінен 5 жас үлкен. Рауза Минлиахмедқызы Алматы қаласындағы №28, №10 және №36 мектептерінде білім алған. 1952 жылы ол М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, 1956 жылы сәтті тәмамдады. 1957 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясы жүйесінде, оның екі институтында – Биохимия институтында (1957-1983 жж.) және Молекулалық биология және биохимия институтында (1983-2016 жж.) еңбек етті», – деп хабарлады қор өкілдері.