Шымкенттегі бойжеткеннің өлімі: ІІМ тергеу барысын өз бақылауына алды

Автор: Асыл Арман

Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады

Фото: видеодан скриншот

Шымкент қаласында қыз баланың өлімі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергелуін Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласы полиция қызметкерлері тарапынан уақтылы шаралар қабылданбауы мүмкін деген пікірлер мен уәждер бойынша қызметтік тексеру тағайындалды.

Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Ең тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы тергеу-жедел тобы құрылды.

«Қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша күдіктінің барлық әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Тергеу-жедел іс-шаралар кешені жалғасуда, оның барысында барлық түскен мәліметтер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар мұқият тексеріліп, талданып жатыр», – делінген хабарламада

Ішкі істер министрлігі кез келген қатыгездік көріністеріне тосқауыл қойып, кінәлі адам тиісті жазасын алуы үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды.

Айта кетейік, осыған дейін Шымкенттегі жас қыздың қазасына байланысты оқиға орнынан жан түршігерлік видео тараған.