Қайғылы оқиға өткен жылы болды
Түркістан облысының Жетісай аудандық соты Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылында тұратын 41 жастағы Алмас Садақбаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сот оны «Азаптау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.
Қария қайтыс болғаннан кейін жүргізілген сот-медициналық сараптама қабырғаларының, мұрнының сынғанын және денесінің көптеген тұсынан жара іздерін анықтады. Жарақаттардың бір бөлігі ескі болғаны белгілі болып, соққының бір рет емес, бірнеше мәрте жасалғанын растады.
Сонымен қатар өлімнің нақты себебін анықтау мүмкін болмады.
«Азаматтың өлімінің себебі анықталған жоқ, себебі мәйіт сараптамаға түскен кезде шірудің кеш сатысында болған. Бұл мәйітті зерттеу және гистологиялық зерттеу нәтижелерімен расталады», – деп атап өтті сотта мемлекеттік айыптаушы.
Еске салсақ, өткен жылдың күзінде ер адамның мүгедек әкесін аяусыз ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Тергеу барысында оның әкесіне жүйелі түрде ұрып-соғатыны анықталды.
Мәліметтерге сәйкес, әкесі өздігінен дәретханаға бара алмағаны үшін ашуланып, оған күш қолданған. Қатыгез әрекеттерді көршілері жасырын түрде видеоға түсіріп, зейнеткер қайтыс болғаннан кейін интернетке жариялаған.