Мейрамханада ән салғаны үшін 3,6 млн теңге талап еткен: Түркістан сотында ерекше жағдай қаралды

Автор: Асыл Арман

Телефонмен түсірілген видео сотта дәлел бола алмаған

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысында қоғамдық бірлестік мейрамхана иесінен авторлық құқықты бұзды деп 3,6 млн теңге өндіруді сұрағанымен, сот бейнежазбаны заңсыз түсірілген дәлел деп танып, талапты қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғарғы соттың мәліметінше, 2018 жылы қоғамдық бірлестік пен ән орындаушысы мүліктік авторлық құқықтарды басқару жөніндегі өкілеттіктерді беру туралы шарт жасасқан.

«Әннің пайдаланылуын өз бетінше қадағалаудың, радиостанциялармен және коммерциялық алаңдармен келіссөздер жүргізудің күрделілігіне байланысты орындаушы қоғамдық бірлестікке шығарманың пайдаланылуын бақылауды, сыйақыны жинауды және комиссияны ұстап қалып, оны құқық иесіне аударуды тапсырған.

Қоғамдық бірлестік Түркістан облысында жеке кәсіпкерге тиесілі мейрамханада музыкалық шығарманың пайдаланылғанын тіркеген. Осы негізде қоғамдық бірлестік сотқа жеке кәсіпкерден авторлық құқықты бұзғаны үшін 3,6 млн теңге көлемінде өтемақы өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінген. Дәлелдеме ретінде қоғамдық бірлестіктің өкілі ұялы телефонмен түсірілген бейнежазбаны ұсынған», – деп хабарлайды сот.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ұсынылған дәлелдемелерді зерттей отырып, оларды жол берілмейтін деп танып, мыналарды көрсетті:

  • бейнетүсірілім мейрамхана әкімшісін хабардар етпей және оның қатысуынсыз жасырын түрде жүргізілген;
  • мейрамхана иесі немесе әкімшілігі болжамды құқық бұзушылық туралы тиісінше хабардар етілмеген;
  • қоғамдық бірлестіктің өкілі танысу және қол қою үшін қызметтік құжатты ұсынбаған, ал қол қоюдан бас тартылған жағдайда куәлардың қатысуымен акт жасалмаған.

Азаматтық процестік кодекстің 78-бабының 4-бөлігіне сәйкес, ғылыми-техникалық құралдарды жасырын пайдалану нәтижелері дәлелдеме ретінде қолданылмайды.

Шығарманы заңсыз пайдалану фактісін растайтын жол берілетін және тиісті дәлелдемелердің болмауына байланысты сот қоғамдық бірлестіктің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.