Шымкентте бойжеткенді пышақтап өлтірді деген күдікті қамауға алынды

Автор: Асыл Арман

Бейресми мәліметке сәйкес, қызға 11 рет пышақ сұғылған

Фото: Otyrar.kz

Шымкент қаласында 21 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты күдікке ілінген азамат сот санкциясымен қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Соттың рұқсатымен күдіктіге қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Марқұмның туыстары айтқан барлық дерек пен уәж тексеріліп жатыр. Құқықтық баға сотқа дейінгі тергеу нәтижесі бойынша беріледі. Аталған қылмыстық істің тергелуі Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының жеке бақылауында», – делінген ресми хабарламада.

Осыған дейін Шымкентте 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған болатын. Қайғылы оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода қыз баланың қашып құтылмақ болғаны, алайда жас жігіттің оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттағаны, кейін оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. Бейресми мәліметке сәйкес, қызға 11 рет пышақ сұғылған.

Қылмыс 11 қаңтар күні кешкі уақытта Төлеметов көшесіндегі тұрғын үйдің маңында болған. Қылмыс жасады деген күдікпен Шерхан Аймахан есімді азамат іздестіріліп, кейін ұсталған. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.