600 мың теңге тұратын торттың дауы: Астанада сот атышулы істің нүктесін қойды

Автор: Асыл Арман

Тараптар арасында іс жүзінде келісімшарт болғаны анықталды

Фото: Видеодан скрин

2026 жылғы 6 қаңтарда Астана қаласының азаматтық істер бойынша ауданаралық сотында абыройды, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық іс қаралды. Сот барлық талапты қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот анықтағандай, тараптар арасында іс жүзінде келісімшарт болған: жауапкер салтанатты шараға арналған торт дайындап, тапсырған. Тортты алу және пайдалану фактісі даусыз болған. Алайда торттың соңғы құны алдын ала келісілмегендіктен, бұл даудың туындауына себеп болған.

Даудың шығуына байланысты жауапкер әлеуметтік желілерде ақпарат жариялаған. Кейін үшінші тұлғалар видеоматериалдар жасаған, оны жауапкер өз парақшасында бөліскен. Сот бұл видеоны жауапкердің өзі жасамағанын анықтады.

Тапсырыс беруші сот сараптамасын жүргізуден бас тартқандықтан, сот таралған ақпараттың абыройға нұқсан келтіретінін немесе оның заңдық сипатын анықтай алмады.

Сот тауар белгісі бойынша авторлық құқық бұзылғанын растайтын дәлел таппады, сондай-ақ жеке деректерді қорғау бойынша да құқық бұзушылық дәлелденбеген.

«Сот барлық талапты қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады», – деп хабарланды.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, дау 600 мың теңге тұратын тортқа байланысты болды.

Тегтер: