Жаңа үйлер 15,7%, екінші нарықтағы пәтерлер 14,6% өсті
Қазақстанда тұрғын үй бағасы рекордтық қарқынмен өсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Halyk Finance ұсынған дерекке сәйкес, 2025 жылы бастапқы нарықтағы жаңа пәтерлердің бір шаршы метрі жыл ішінде орта есеппен 15,7 пайызға қымбаттаған. Ал қайталама нарықтағы баспаналардың бағасы 14,6 пайызға артқан.
Жаңа салынған үйлер сегментінде ең жоғары өсім Қонаев пен Павлодар қалаларында тіркелді. Бұл өңірлерде пәтер құны бір жылда бірден 22,9 пайызға көтерілген. Осылайша аталған қалалар тұрғын үй бағасының өсу қарқыны бойынша Алматы, Астана және Шымкент секілді ірі мегаполистерді басып озды. Мәселен, Алматыда бастапқы нарықтағы пәтерлер 19,8 пайызға, Астанада 17,4 пайызға, ал Шымкентте 15,6 пайызға қымбаттаған.
Ал Петропавл, Семей және Қарағанды қалаларында жаңа баспананың бағасы тек 5 пайызға да жетпеген.
Қайталама нарықта жағдай тіптен күрделі. Бұл сегмент бойынша ең үлкен өсім Алматы қаласында байқалды. Мұнда бір шаршы метрдің құны бір жылда 25,4 пайызға артқан. Қарағандыда ескі пәтерлер небәрі 2,4 пайызға қымбаттаса, Қонаевта бағалар өткен жылғы деңгейде сақталып қалған.
Жалдамалы пәтер нарығы да халықтың қалтасына салмақ салып отыр. Ел бойынша орташа өсім 13,1 пайызды құраған. Ең жоғары өсім Павлодарда тіркеліп, мұнда жалдау ақысы бір жылда 42,9 пайызға шарықтаған. Петропавлда бұл көрсеткіш 40,9 пайызға, ал Ақтөбеде 30,4 пайызға жеткен.
Сарапшылар бағаның күрт өсуін бірнеше негізгі факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, тұрғын үй нарығын реттеудегі өзгерістер, қосымша құн салығының (ҚҚС) өсуі мүмкін деген күтулер, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын қаражат көлемінің бір жылда 83 пайызға артуы және елдегі инфляциялық қысымның күшеюі басты себеп ретінде аталады.