Қара теңізде мұнай танкерлеріне жасалған дрон шабуылы: ҚР СІМ шұғыл мәлімдеме жасады
Оқыс оқиға 2026 жылдың 13 қаңтары күні болды
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қара теңізде мұнай танкерлеріне жасалған дрондардың шабуылына қатысты шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сыртқы істер министрлігі осы жылдың 13 қаңтарында Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіреді.
«Осы орайда бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік.
Қазақстан Республикасының қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы болып саналмайтынын, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын әрі энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтеміз. Осыған байланысты аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаты болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін атап көрсетеміз», – делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
ҚР СІМ соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтті және серіктестерді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі 2026 жылдың 13 қаңтарында Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалы аймағында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдайтын екі кемеге жасалған шабуылды растады.
«Matilda» атты Мальта туымен жүретін танкер, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы арқылы жалға алынған. Ол ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Кемеде жарылыс тіркелгенмен өрт шыққан жоқ. Экипаж арасында зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауынша, танкер теңізде жүруге қабілетті, кеменің корпусында критикалық зақымдану белгілері анықталған жоқ.
«Delta Harmony» атты Либерия туымен жүретін танкер де дрон шабуылына ұшырады, ол жүктеу күту режимінде тұрған. Оқиға салдарынан өрт шықты, бірақ жедел түрде сөндірілді. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Оперативтік штабтың деректері бойынша, оқиға кезінде мұнай кемеге әлі тиелмеген, жүк бактары бос болғандықтан, Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына ешқандай зиян келген жоқ.
Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігі мен экспорттық жеткізілімнің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз», консорциум әкімшілігі және кемелердің иелерімен бірлесіп әрекет етіп жатыр.