$ 510.43  594.86  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Реал Мадрид» пен «Манчестер Юнайтед» бас бапкер қызметіне бұрынғы ойыншыларын тағайындады

Қос клубтың стратегиясы өзгеретін болды

«Реал Мадрид» пен «Манчестер Юнайтед» бас бапкер қызметіне бұрынғы ойыншыларын тағайындады
Фото: instagram.com/manutd/realmadrid

Еуропаның екі алпауыт футбол клубы – испаниялық «Реал» мен ағылшынның «Манчестер Юнайтед» бір мезетте жаңа бас бапкерлерін таныстырды. Айта кетерлігі, қос клуб та бұл қызметке өздерінің бұрынғы ойыншыларына сенім артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

44 жастағы Майкл Кэррик «Манчестер Юнайтед» клубының бас бапкері болып ресми түрде тағайындалды. Ол 5 қаңтарда қызметінен кеткен Рубен Аморимнің орнын басты. Аралық кезеңде команданы уақытша Даррен Флетчер басқарған еді, енді ол клубтың U18 жасөспірімдер командасымен жұмысын жалғастырады.

Кэррикпен жасалған келісімшарт 2025-26 маусымының соңына дейін есептелген. Оның соңғы жұмыс орны «Мидлсбро» клубы. Аталған команда 2024-25 маусымында чемпионшипте 10-орын алып, маусым соңында маман клубтан кеткен.

Айта кетейік, Майкл Кэррик бұған дейін 2018 және 2021 жылдары «МЮ»-ды уақытша бас бапкер ретінде басқарған. Сонымен қатар ол футболшы ретіндегі карьерасының басым бөлігін «Манчестер Юнайтед» сапында өткізді.

Тағайындалғаннан кейін Кэррик клубтағы жауапкершіліктің жоғары екенін атап өтті.

«Мен Манчестер Юнайтедте» табысқа жету үшін қандай талаптар қойылатынын жақсы білемін. Қазіргі міндетім ойыншыларды сол деңгейге жеткізу. Бұл құрам үлкен жетістіктерге қабілетті», - деді ол.

Мадридте де кадрлық өзгерістер болды. Хаби Алонсо «эль класикодағы» жеңілістен кейін тараптардың өзара келісімімен «Реалдың» бас бапкері қызметінен кетті. Клуб басшылығы көп күттірмей, оның орнына Альваро Арбелоаны тағайындады.

Испания құрамасының және «Реал Мадридтің» бұрынғы қорғаушысы соңғы алты жылға жуық уақыт бойы клуб құрылымында жұмыс істеп келеді. Ол заманауи футболды меңгерген маман ретінде танылған.

Арбелоа «Реалдың» түлегі саналады. Ол футбол жолын Сарагосада бастап, кейін «Колехио эль Сальвадор» мектебінде, одан соң «Сарагоса» академиясында тәлім алды. 18 жасында мадридтік клубқа шақырту алып, негізгі құрамның бір бөлігіне айналды.

Осылайша, «Реал Мадрид» пен «Манчестер Юнайтед» клуб тарихын жақсы білетін, ішкі мәдениетті түсінетін мамандарға сенім артып отыр. Сарапшылар бұл шешімдер командалардың болашақ стратегиясына тікелей әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Серіктес жаңалықтары