«Блоктаған елдер бар, ал Қазақстан ше?»: депутат Roblox мәселесін көтерді

Автор: Аягөз Құрмаш

Депутат бірқатар ұсыныс айтты

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ балалар арасында кең тараған онлайн ойынға қатысты алаңдаушылық білдірді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазіргі таңда интернет пен онлайн ойын платформалары балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Солардың бірі – Roblox онлайн-платформасы. Қазіргі таңда «Roblox» сөзін білмейтін бала жоқ. Бұл пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа», - дейді депутат.

Үнзила Шапақ айтқандай, 2025 жылғы ашық дереккөздерге сәйкес, Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуық. Пайдаланушылардың басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер құрайды.

«Ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкіндігі туралы алаңдаушылық жиі көтерілуде. Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері кездеседі. «Ойыннан от шығар» демекші, балалардың психологиялық дамуына мұндай факторлардың әсері ұзақ мерзімді теріс салдарға әкелуі ықтимал», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар.

«Олардың тактикалары қарапайым, алайда хирургиялық дәлдікпен жасалатындай. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады», - дейді Үнзила Шапақ.

Ол атағандай, компания «балаларға ең қауіпсіз орта жасаймыз» деп жар салудан жалығар емес. Бірақ секундына 50 мыңнан астам хабар ағылып жатқан ортаны толық бақылау мүмкін емес.

«2025 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің берген жауабында: «Біз Roblox-ты блоктау немесе шектеу мәселесін қарастырмаймыз» деп айтқан болатын. Бұл ретте «Баланың құқықтары туралы» ҚР Заңына сәйкес, мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндетті. Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына және контенттің бақылаусыздығына байланысты бірқатар мемлекеттер қатаң шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде аталған платформа бұғатталды», - дейді ол.

Депутат атағандай, Қазақстанда не себепті әлі күнге дейін аталған платформаға қатысты ұқсас шектеу немесе терең сараптамалық бағалау жүргізілмей отырғаны түсініксіз күйінде қалып отыр.

Осыған орай, төмендегі сұрақтарға ресми жауап берулеріңізді сұраймын:

  • Қазақстан Республикасында Roblox платформасының балалар мен жасөспірімдерге тигізетін психологиялық және әлеуметтік әсеріне қатысты арнайы зерттеулер жүргізілді ме?
  • Өзге елдерде Roblox платформасын бұғаттау тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда бұл платформаның қызметін шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма?
  • Сондай-ақ балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай нақты алдын алу шаралары қабылданып отыр?
  • ІІМ, Бас Прокуратурада онлайн ойын платформалары арқылы алаяқтық, бопсалау сияқты құқық бұзушылық факторлары тіркелген бе?