Алматыда коронавирус анықтайтын қосымша 2 зертхана ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мегаполисте 8 зертхана жұмыс істейді

Фото: ашық дереккөзден

COVID-19 диагностикалау ауқымын кеңейту үшін Алматыда қосымша 2 зертхана ашылды. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев онлайн-брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Маңызды бағыттардың бірі - коронавирусты дер кезінде диагностикалау. Осыған байланысты зертханалардың өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, Алматыда коронавирус инфекциясын тестілеуді енгізудің барлық кезеңінде 245 мыңнан астам зерттеулер жүргізілді. Мегаполисте 8 зертхана жұмыс істейді, нәтижесінде күніне шамамен 4000 зерттеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда зертханалардың мәліметтері бойынша 56 мың зерттеуге арналған сынақ жиынтықтары бар», - делінген хабарламада.

Бақытжан Сағынтаев зертхана қызметінде аздаған кедергілер анықталғанын айтып өтті, оған бұл қызметтерге жүгінушілер тарапынан сұраныстың жоғары болуы, науқастардың көптеп келуі, сонымен бірге, зертханаларда реагенттердің қажетті қорының болмауы әсер еткен.

«COVID-19 зертханалық диагностикалау ауқымын ұлғайту мақсатында азаматтарды уақтылы диагностикамен қамтамасыз ету үшін қосымша екі зертхана ашылды», - деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев.