$ 509.75  594.67  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ерекше баланың анасын кемсіткен коучтың әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті (ВИДЕО)

Ол келген әйелдің түр-әлпетін келемеждеген

Ерекше баланың анасын кемсіткен коучтың әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде өзін коуч ретінде таныстыратын Бақытбай Сабырбектің әрекеті қазақстандықтардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол ерекше баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ананың сырт келбеті мен жеке өміріне қатысты орынсыз пікір білдіріп, желі қолданушыларының сынына ұшырады.

Бақытбай Сабырбек әлеуметтік желідегі парақшасында өткізген семинарларының бірінен бейнежазба жариялаған. Видеода коуч семинарға қатысқан ерекше баланың анасымен әңгімелеседі. Алайда кадрларда оның әйелдің жасын, сырт келбетін және жеке өмірін сынап, этикаға сай келмейтін сөздер айтқаны байқалады.

Алдымен коуч әйелдің жасын сұрап, оның 38 жаста екенін білгеннен кейін, сыртқы келбетін негізге алып, өзінше баға береді. Ол ананың шаршаңқы көрінетінін айтып, көпбалалы бола тұра өзіне көңіл бөлмейтінін алға тартқан.

«38 жастасыз ба? Сізге қарап 48-де деп ойладым. Бірақ 40-тан асса да менімен жасты сияқты көрінетін адамдар отыр ғой», - деді Бақытбай Сабырбек.

Әйел ерекше баланы тәрбиелеп отырғанын айтқаннан кейін, коуч баланың дамуына қатысты сұрақ қойып, оның не себепті алға жылжымай жатқанын сұрайды. Ана бұл сұраққа ұзақ уақыт бойы жауап іздеп жүргенін, жылдар бойы баласымен бірге ауруханаларда жүргенін, бар уақытын соған арнағанын жеткізеді.

Оның айтуынша, баласы анасының жанында өзін қауіпсіз сезініп, құшақтай бастаса да, әлі сөйлеуді меңгермеген.

Әңгіме барысында Бақытбай Сабырбек әйелдің жеке өмірін, ер адамдарға деген көзқарасын және өткен өмірін қозғайды. Ол жүктілік кезіндегі психологиялық күй мен ер адамды «мойындамау» баланың жағдайына әсер етті деген пікір білдіреді.

Коучтың бұл тұжырымы желі қолданушылары тарапынан негізсіз, ғылыми дәлелі жоқ және ананы кінәлауға бағытталған деп бағаланды.

Көпшілік ерекше баланы тәрбиелеп отырған ананы көпшілік алдында сынау адамгершілікке жатпайтынын атап өтті.

Желі қолданушылары аталған видеоны кеңінен таратып, коучтың сөзін кемсітушілік пен этикаға қайшы деп бағалады. Көпшілік мұндай пікірлердің ерекше балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық зиян келтіретінін айтып, жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартып жатыр. Желідегу шудан кейін автордың өзі видеоны өшіріп тастаған.

Серіктес жаңалықтары