«Қызымызды айуандықпен өлтірді»: Шымкенттегі қыздың өліміне қатысты жаңа деректер анықталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Күдікті әлі ұсталған жоқ

Фото: видеодан скриншот

Шымкент қаласында Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында аса қатыгез қылмыс жасалды. Пышақ жарақатынан 21 жастағы бойжеткен көз жұмды. Күдікті әлі күнге дейін іздеуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Көз жұмған қыздың мәйітін туыстары туған ауылына алып кетті. Жақындары күдіктінің жақын арада ұсталуына үміттеніп отыр.

Қорқынышты жағдай 11 қаңтар күні кешкісін Шымкент қаласында, Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Бейнежазбада қыздың қашып құтылуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені көрінеді. Ал ер адам оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттаған. Кейін оқиға орнынан бой тасалаған.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде лезде тарады. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, марқұмға 11 пышақ жарақаты салынған. Түнде желіде қаза тапқан қыздың және оны өлтірді деген күдікті жігіттің суреттері жарияланды.

Otyrar.kz хабарлағандай, қаза болған 21 жастағы студент Нұрай Серікбай. Ол ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйде тұрған. Отбасында екі ағасы бар, өзі кенже қыз болған. Марқұмның денесі туыстарына табысталды. Жақындары мәйітті мәйітханадан алып, Түркістан облысы Төрткөл ауылына алып кетті.

 «Қызымызды айуандықпен өлтірді. Бұл біз үшін өте ауыр қайғы. Әлгі күдікті жігіт, қанқұмар адам әлі ұсталған жоқ дейді», - дейді олар.

Қазіргі таңда 29 жастағы Шерхан Аймаханға іздеу жарияланды. Полиция оның жүрген жері туралы ақпарат болған жағдайда 102 нөміріне хабарласуды сұрайды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

 «Күдікті оқиға орнынан мемлекеттік нөмірі 015 AUY 17 болатын «HYUNDAI MUFASA» маркалы автокөлікпен қашып кеткен. Егер сізде аталған адам немесе көлік туралы қандай да бір ақпарат болса, Шымкент қаласының полиция департаментіне 102 нөмірі арқылы дереу хабарласыңыз. Сондай-ақ оқиғаның бейнежазбалары бар азаматтардан құқық қорғау органдарына мәлімет беруді сұраймыз», - деп хабарлады Шымкент полициясы.

Күдіктінің не себепті марқұмға пышақпен шабуыл жасағаны әзірге белгісіз. Туыстарының айтуынша, 21 жастағы Нұрай Серікбайдың жерлеу рәсімі 13 қаңтар күні Түркістан облысы Төрткөл ауылында өтеді.