Бүгін қаңтардың қаһары қатты болмақ. Кей аймақтарда ауа температурасы -38 градусқа дейін төмендейді
Қазақстанның бірнеше өңірінде 13 қаңтар күні қолайсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, ел аумағында қар жауып, боран соғып, тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасады. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 20-23 метрге дейін жетуі мүмкін.
Абай облысының солтүстігінде, шығысында және орталығында қар жауып, бұрқасын жүреді. Жолдарда көктайғақ болады. Облыстың бірқатар бөлігінде солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді. Семей қаласында түнде және таңертең қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады деп болжануда.
Солтүстік Қазақстан облысында қатты аяз күтіледі. Түнде және күндіз ауа температурасы 20-25 градусқа дейін төмендейді. Ал 14-15 қаңтарда түнгі уақытта 35 градусқа дейін аяз болады. Кей аудандарда тұман түсіп, жаяу бұрқасын жүреді. Петропавл қаласында да түнде және күндіз 22-24 градус аяз күтіледі.
Атырау облысында түнде және таңертең тұман түсіп, көктайғақ болады. Желдің екпіні кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетеді. Облыс орталығы – Атырау қаласында да осындай жағдай сақталады.
Қостанай, Қарағанды және Ұлытау облыстарында тұман түсіп, кей аумақтарда аздап қар жауады. Қарағанды қаласында түнгі уақытта жаяу бұрқасын болып, жолдар тайғақ болады.
Шығыс Қазақстан облысында қар қалың жауып, боран соғады. Өскеменде де қолайсыз метеожағдай тіркеледі.
Павлодар облысында боран мен қатты аяз күтіледі. Түнгі уақытта температура 30-35 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Ақмола облысында да қар жауып, тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасады. Көкшетауда түнгі уақытта 35 градусқа дейін аяз болуы ықтимал.
Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Алматы облыстарында тұман басып, жел күшейеді. Кей өңірлерде көктайғақ тіркеледі.
Астанада 13 қаңтарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады деп болжануда.
Синоптиктер тұрғындарды жолға шыққанда барынша сақ болуға, ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға шақырады. Қажетсіз сапарлардан бас тартып, төтенше жағдайлар қызметінің ескертулерін ескеруге кеңес береді.