Бір ғана «Нұр-Сұлтан – Щучинск» автожолында 2018 жылдан бері 10 ұрлық дерегі тіркеліпті
Ұрылар жол бойына тартылған кабельдер мен үй жануарларының жолға шықпауы үшін орнатылған металл қоршауларды қолды қылады екен. Бұл туралы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, бір ғана «Нұр-Сұлтан – Щучинск» автожолында 2018 жылдан бері 10 ұрлық дерегі тіркеліпті. Ұрылар демалуға арналған орындықтарды, дизельді генераторды, 7 дана жарық прожекторын, 30-ға жуық жарық шамдарын, 412 дана консольды қолды еткен. Ал, «Нұр-Сұлтан – Теміртау» учаскесінде 5 мың метрден астам қоршау ұрланған.
«Кабельдер мен қоршауларды ұрлау фактілері Алматы облысындағы ақылы учаскелерде де жиі тіркеледі. Бұл облыстағы ұрлықтың ауқымы да кең. «Алматы-Қорғас» ақылы жолындағы қайта жаңарту жұмыстарынан кейін учаскеден 35 шақырым электр желісі ұрланған. Алайда, бұл аталмыш учаскедегі ұрлық фактілерінің тек бастамасы ғана. Байсерке, Ақбастау және Қазатком жол айырығында 3 трансформатор ұрланған. «Алматы-Қапшағай» учаскесіндегі үш рет ұрланған электр желілерінің жалпы көлемі 6 шақырымға жетеді. Жолдың бойындағы демалыс алаңдарынан орындық пен үстелдермен қатар, аялдама павильондарын ұрлаған фактілер де тіркелген», - делінген «QazAvtoJol» өкілдері таратқан хабарламада.