Абай облысында жоғалып кеткен 8 жастағы бала құдықтан табылды (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Бала бірнеше сағат құдықта жатқан

Фото: gov.kz

Абай облысының Шақаман ауылында жоғалып кеткен бала аман-есен табылды: 8 жастағы Райян бірнеше сағат бойы құдықта жатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Баланы көшедегі адамдар соңғы рет шамамен сағат 14:30-да көрген,

Іздестіру жұмыстарына қысқа уақыт ішінде ауыл тұрғындары жұмылдырылып, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері дереу іске кірісті.

Шешуші рөлді бейнебақылау камералары атқарған. Жазбаларды талдау нәтижесінде учаскелік инспектор Алмас Бесенбеков пен ауылдық округ әкімі Данияр Айдарбаев баланың қозғалу бағытын және нақты орналасқан жерін анықтады.

Кейінгі әрекеттер барысында бала құдықтан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол құдыққа абайсызда құлап кетіп, шыға алмай қалған. Бетон плитаның бір шеті опырылып кеткен көрінеді. 

Құтқарушылар баланы құдықтан аман-есен шығарып алған. Оның анасы баласын іздеп, оны тапқан барша азаматқа алғысын айтты.

«Бейнебақылау жүйелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл жағдайда камералар жедел бағдар алуға көмектесіп, баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді», – деді Абай облысы ПД бастығы Елдар Данияров.

 

Тегтер: