Алтай ауданында 30-40 жыл жөндеу көрмеген әлеуметтік нысандар жаңартылып жатыр
Шығыс Қазақстанда биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында маңызды ғимараттармен инфрақұрылымдарды жөндеу жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселен, Алтай ауданында 30-40 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген әлеуметтік нысандар жаңартылып жатыр. Солардың арасында Бұқтырма кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де бар.
«Тұрғын үй шаруашылығы саласында 419 миллон теңгеге 12 жобаны жүзеге асырамыз. Ол дегеніңіз, аудандағы қазандықтар, сорғы станциялары, тазартқыш құралдары жөнделеді деген сөз. Бұл әсіресе қыс маусымында апаттық жағдайлардың азаюына ықпал етпек», - дейді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Тимур Жігітаев.
Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша өлкеде 800-ден астам жұмыс қолға алынса, соның көпшілігі әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеуден өткізуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.