Олар бұрын ресми тіркеусіз жұмыс істеп келген
Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енген алғашқы он күн ішінде 66 мың азамат өз қызметін заңдастырып, өзін-өзі жұмыспен қамтушы статусын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Бұрын ресми тіркеусіз жұмыс істеп келген мыңдаған қазақстандық енді ешқандай артық әкімшілік кедергісіз заңды түрде табыс таба бастады. МКК мәліметінше, мұндай жоғары көрсеткішке 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жаңа арнайы салық режимі себеп болған.
Бұл режим кімдерге арналған?
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін жасалған жаңа жүйе барынша қарапайым әрі тиімді:
1. Жеке табыс салығы – 0%. Сіз тапқан табысыңыздан мемлекетке салық төлемейсіз.
2. Бірыңғай әлеуметтік төлем – 4%. Табыстың тек 4 пайызы ғана аударылады (1% – зейнетақы жарнасы, 1% – жұмыс берушінің зейнетақы жарнасы, 1% – әлеуметтік аударымдар, 1% – МӘМС).
3. Есеп берудің қажеті жоқ. Ешқандай салық декларациясын тапсырмайсыз.
4. Тіркелу оңай. ЖК ретінде тіркелудің қажеті жоқ, режим e-Salyq Business қосымшасында алғашқы чек берілген сәттен бастап автоматты түрде іске қосылады.
Жаңа жүйе бойынша жұмыс істеу үшін кассалық аппарат сатып алудың қажеті жоқ. Барлық чек e-Salyq Business мобильді қосымшасында қалыптасады. Ал егер интернет-платформалар (мысалы, такси немесе жеткізу қызметі) арқылы жұмыс істесеңіз, чектер мен әлеуметтік аударымдарды платформа операторы автоматты түрде реттеп отырады.
Бұл реформа көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, азаматтардың болашақта зейнетақы мен медициналық көмек алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.