Теміртауда автобустағы жанжал адам өлімімен аяқталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: © istockphoto.com

Қарағанды облысында жолаушылар автобусында басталған кикілжіңнен кейін адам өлтірген азаматқа қатысты сот шешімі жарияланды. Теміртау тұрғынын пышақтап өлтірген күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.

Оқиға қалай басталды?

Қайғылы оқиға Қарағанды мен Теміртау арасында қатынайтын №107 бағыттағы автобуста болған. Сот материалдарына сүйенсек, барлығы мас күйіндегі екі адамның әдепсіз мінез-құлқынан басталған:

Екі ер адам автобус ішінде спирттік ішімдік ішіп, балағат сөздер айтқан. Жолаушылардың бірі оларға ескерту жасап, тәртіпке шақырған. Алайда, бұл әрекет мас азаматтардың ашуын туғызып, арты келіспеушілікке ұласқан.

Аялдамадағы төбелес және пышақ жарақаты

Ерегіс автобус тоқтаған соң да басылмаған. Теміртаудағы «Кооператор» аялдамасында екі жақ далаға шығып, төбелес басталған.

Төбелес кезінде айыпталушы жерге құлаған сәтті пайдаланып, қару ретінде пышақ қолданған. Ол қарсыласына денесінің түрлі тұсына бірнеше рет соққы берген. Алған жарақаттарының ауырлығынан зардап шеккен ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Алқабилер сотының шешімі мен жаза

Сотта айыпталушының кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, автобустағы видеожазбамен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.

Мемлекеттік айыптаушы 15 жыл сұрағанымен, алқабилер сотының шешімімен ер адам 10 жылға сотталды.

Сотталушы жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 8 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Сотталушы өз ісіне өкінетінін айтқан. Сондай-ақ, сот марқұмның өзі де жанжалға түрткі болған заңсыз әрекеттерін жеңілдетуші жағдай ретінде ескерген. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.