Ақмола облысында құтқарушылар бір адамды өрттен аман алып шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

17 адам өздігінен далаға шығып үлгерген

Фото: ТЖД

Ақмола облысында көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар пәтер ішінен бір адамды алып шықты. ТЖД өкілдері тілсіз жаудың бетін жедел қайтарып, үлкен трагедияның алды алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шортанды ауданындағы төтенше жағдай

Оқиға Шортанды ауданына қарасты Научный кентінде болған. Бес қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт шығып, көршілерге қауіп төндірді.

Төтенше жағдай кезінде үйден 17 адам, оның ішінде үш бала өздігінен далаға шығып үлгерген.

Өрт сөндірушілер пәтер ішінен бір газ баллонын сыртқа шығарды. Бұл жарылыс қаупінің бетін қайтарды.

Жанып жатқан пәтерден «Д» есебінде тұратын азаматты құтқарушылар қолмен көтеріп алып шыққан.

Зардап шеккендер мен өрттің себебі

Құтқарылған азамат дереу жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Тілсіз жау 8 шаршы метраумақта толық сөндірілді.

«Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында оттың өзге пәтерлерге жайылуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», — деп хабарлады Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, өрттің шығуына электр сымдарын монтаждау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы себеп болған.