Сондай-ақ, өткен жылдары ашылмай қалған 2,7 мыңнан астам қылмыс әшкереленді
10 қаңтарда Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, онда 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері жарияланды. Министр Ержан Сәденовтің айтуынша, өткен жыл «Заң мен Тәртіп» қағидатын бекітудің маңызды кезеңі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылы елімізде жүйелі профилактикалық жұмыстардың арқасында қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген. Министрлік мәліметінше, тіркелген құқық бұзушылықтар саны 6 мыңнан астам дерекке азайған.
Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық және тонау сияқты аса ауыр қылмыстардың саны қысқарды.
Аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші 98%-ға дейін жетті. Сондай-ақ, өткен жылдары ашылмай қалған 2,7 мыңнан астам қылмыс әшкереленді.
Жыл бойы іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам адам ұсталып, хабарсыз кеткен 20 мыңнан астам азамат отбасына қайтарылды.
Полиция қызметкерлері тек қылмысты ашып қана қоймай, жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіруге де баса назар аударған.
Жалпы сомасы 60 млрд теңгеге жуық шығын өтелді.
Көшелер мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздік күшейіп, қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстар азайған.
Жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында рөлге мас күйінде отырған 23 мыңнан астам жүргізуші ұсталды.
2025 жылы трансұлттық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес күшейтілді.
1. Ұйымдасқан топтар: Қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету дерегі бойынша 78 қылмыстық іс қозғалып, 299 көшбасшы мен қатысушы жауапқа тартылды.
2. Есірткімен күрес: Заңсыз айналымнан 31,7 тонна есірткі тәркіленді (бұл 12 млн дозаға тең).
3. Нарколабораториялар: Еліміз бойынша 109 нарколаборатория жойылды, оның 13-і «синтетика» өндірісімен айналысқан.
Министрлік 2026 жылға арналған басым міндеттерді де айқындады. Алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және цифрлық технологияларды қолдану арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.