Құтқарушылар түтінге толы пәтерден екі адамды алып шықты
Алматы қаласының Алмалы ауданында тұрғын үйден өрт шығып, 95 жастағы әйел құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оқиға Клочков көшесіндегі №89 үйде болған. Бесқабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Өрт сөндірушілер жеткен кезде пәтердің кіреберісі мен жуыну бөлмесі жанып жатқан. Жалын шамамен 15 шаршы метр аумақты қамтыды.
Подъезд іші қалың түтінге толып, тұрғындардың денсаулығына қауіп төнген.
ТЖМ мәліметінше, газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары есігі жабық тұрған пәтерді бұзып кіріп, іштен 95 жастағы әжені тапқан. Ол балкондағы ашылмайтын терезе арқылы ауа жұтып тұрған көрінеді.
«Әжейді қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырдық. Сонымен қатар, төртінші қабаттағы 52 жастағы әйел арнайы қорғаныш қалпағы арқылы эвакуацияланды. Көрші пәтерлердің тұрғындары да сыртқа шығарылды», – делінген хабарламада.
Өрт сөндірілді. Қаза тапқандар жоқ. Құтқарылғандар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары жақсы. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.