Өмір мен өлім арасындағы 79 млн: мемлекет қымбат оталарды өз мойнына алды ма

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ең күрделі әрі ең қымбат оталар мемлекет есебінен қолжетімді бола түсті

Фото:pixabay.com

Қазақстанда құны ондаған миллион теңгеге жететін жоғары технологиялық операциялар мемлекет қаржысы есебінен жасалып жатыр. Денсаулық сақтау саласында енгізілген қаржыландыру тетіктері ең күрделі диагнозы бар науқастарға да үміт сыйлауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Еліміздегі ең қымбат жоғары технологиялық медициналық араласу – көмекші жүрек жүйесін имплантаттау. Бір операцияның құны 79 млн теңгеге дейін барады. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 11 айында мұндай жүйе 59 пациентке орнатылған. Министрлік бұл науқастардың көпшілігі үшін операция өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болғанын атап өтті.

Құны бойынша екінші орында – аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын транспланттау. Бір отаның бағасы 17,4 млн теңгені құрайды. Бір жылда 117 операция жасалған.

Сонымен бірге жоғары технологиялық көмектің ең сұранысқа ие түрлері де белгілі болды. Автоматты кардиовертер-дефибрилляторды имплантаттау – 1 963 рет, бас және мойын тамырларына эндоваскулярлық эмболизация мен окклюзия жасау – 1 463 рет, ал ұрықтың дің жасушаларын трансплантаттау отасы 1 384 рет жүргізілген.

Жоғары технологиялық медициналық көмек – күрделі ауруларды емдеуде инновациялық, ғылыми негізделген әрі қауіпсіз тәсілдерге сүйенетін мамандандырылған медициналық көмектің маңызды бөлігі. Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай 82 технология қолданысқа енгізілген.

Бұл көмек терапия, педиатрия, нейрохирургия, онкология, кардиохирургия, травматология, урология, акушерлік және гинекология, трансплантология сияқты негізгі клиникалық бағыттарды қамтиды. Республика бойынша 120-дан астам медициналық ұйым халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіп отыр.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 1,6 мыңнан астам адамға ота жасалса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы 17,5 мыңға жуық пациент ем алған. Өтелген шығындардың жалпы көлемі 79 млрд теңгеге жеткен. Бір операцияның орташа құны – 4,1 млн теңге.

Денсаулық сақтау министрлігі жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту мен кеңейту саланың басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін мәлімдеді. Бұл бастама өмірді сақтап қалуға, мүгедектікті азайтуға және ең ауыр диагнозы бар азаматтарды да қалыпты өмірге қайта оралтуға мүмкіндік беріп отыр