Мұнай өңдеу зауытымен байланысы бар қызметкерлер де күдікке ілінді
Шымкент мұнай өңдеу зауытынан жанар-жағар майды заңсыз шығарып, миллиардтаған теңге табыс тапқан қылмыстық схема әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 7 қаңтар күні Шымкент қаласының полиция департаменті жедел ақпарат негізінде мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан адамдар тобын ұстады. Тергеу барысында бұл істің кездейсоқ әрекет емес, алдын ала жоспарланған әрі жүйелі түрде жүргізілген қылмыстық схема екені анықталған.
Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, ұрлыққа мұнай өңдеу зауытына қарасты компания қызметкерлері де қатысқан. Олар қала тұрғындарымен келісіп, жанармайды зауыт аумағынан жасырын шығарып, кейін бірнеше база арқылы сақтап, нарыққа өткізген.
Алдын ала есеп бойынша, заңсыз айналымнан түскен қаражаттың жалпы көлемі 1 миллиард теңгеден асып кеткен. Тінту кезінде 17 тоннадан астам жанар-жағар май, оны айдау мен сақтауға арналған арнайы жабдықтар, бірнеше автоцистерна және ірі көлемде қолма-қол ақша тәркіленді.
Қазіргі уақытта барлық күдіктілер қамауға алынып, аса ірі мөлшерде ұрлық жасау фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ тергеу аясында Шымкент мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің қылмысқа, оның ішінде контрабандалық мақсаттағы әрекеттерге қатысы бар-жоғы да мұқият тексерілуде. Құқық қорғау органдары бұл істің барлық тетіктерін ашуға уәде беріп отыр.