$ 508.91  594.36  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«ЕҰУ AI-Sana бағдарламасын іске асыруда алдыңғы қатарда тұр»: Сыдықов президент сұхбатындағы маңызды сәттерге тоқталды

Ректордың айтуынша, сұхбат университет қауымдастықтары үшін күнделікті қағидаттарды айқындап берген

«ЕҰУ AI-Sana бағдарламасын іске асыруда алдыңғы қатарда тұр»: Сыдықов президент сұхбатындағы маңызды сәттерге тоқталды
Фото: Ақорда

Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Türkistan» газетіне берген сұхбатына қатысты пікірін айтып, оқу орнының жұмысына тоқталған, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысының жыл басындағы сұхбаты қоғам үшін ғана емес, білім мен ғылым саласы үшін де маңызды бағдар. Жыл сайын қалыптасқан бұл дәстүр ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, әр саланың алдағы жұмыс логикасын нақтылап береді. Осы жолғы сұхбатта айтылған ойлар жоғары білім жүйесімен тікелей сабақтас болғандықтан, бірқатар мәселеге университет тұрғысынан арнайы тоқталған жөн. Ең алдымен, сұхбатта Қазақстанның жаңғырудың жаңа кезеңіне өткенін айқындайтын түйінді қағидаттар нақты белгіленді. Реформалардың мәні есеп пен формальды көрсеткіште емес, қоғам өміріне нақты әсер ететін нәтижеде өлшенуі тиіс екені атап өтілді. Заң мен тәртіп, әділдік, еңбекқорлық сияқты құндылықтардың мемлекет дамуы үшін шешуші рөл атқаруы — білім мен ғылым кеңістігінде де айқын көрініс табуға тиіс ұстанымдар», - дейді Сыдықов.

Оның айтуынша, бұл қағидаттардың жүзеге асуы, ең алдымен, сапалы адами капиталға байланысты. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінің басты миссиясы дәлелге сүйеніп ойлайтын, жауапкершілігі жоғары, кәсіби әрі азаматтық ұстанымы берік тұлға қалыптастыру. Университет тек білім беретін орын емес, қоғамдық сананың, еңбек мәдениетінің және құқықтық жауапкершіліктің қалыптасу ортасы болуы керек.

«Сұхбатта айқындалған заң мен тәртіп қағидаты университет өмірінде академиялық адалдық, ішкі тәртіп, өзара құрмет пен жауапкершілік арқылы орнығады. Бұл бағытта студенттермен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ішкі саясаттың негізгі қағидаттары — заңға құрмет, әділдік, тәртіп пен еңбектің құндылығы жүйелі түрде талқыланып келеді. Мұндай жұмыс формальды тәрбие емес, күнделікті университет мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы да университеттер үшін нақты міндеттер жүктейді. Бұл бастама экономиканы ғана емес, басқару жүйесін, мемлекеттік қызмет сапасын, білім беру мен ғылымды түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Осы жағдайда жоғары оқу орындары жаңа дәуірге қажетті құзыреттерді — цифрлық сауат, деректермен жұмыс, қолданбалы зерттеу, технологиялық ойлау мен гуманитарлық жауапкершілікті ұштастыра алатын мамандарды даярлауға бейімделуі қажет», - дейді ректор.

Ректор қазір Еуразия Ұлттық университеті AI-Sana бағдарламасын іске асыруда алдыңғы қатарда тұрғанын баса айтты. Сонымен қатар, университет базасында Лу Бань шеберханасы ашылып, онда инженерлік, цифрлық және технологиялық бағыттар бойынша практикалық даярлық күшейіп жатқан көрінеді.

«Энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселесі Мемлекет басшысы айқындап отырған стратегиялық басымдықтардың қатарында тұр. Осыған байланысты Президент ядролық энергетиканы дамыту және осы салаға қажетті кәсіби кадрларды даярлау мәселесіне бірнеше рет назар аударды. Бұл бағыт Мемлекет басшысы жанындағы Ұлттық ғылым кеңесінің күн тәртібінде де қаралып, ядролық энергетикаға арналған арнайы отырыста ғылыми сүйемелдеу мен кадрлық әлеуетті қалыптастыру мәселелері талқыланды. Президент айқындаған осы стратегиялық ұстанымға сәйкес, Еуразия ұлттық университеті Ұлттық ядролық орталықпен бірлесіп ядролық физика және ядролық технологиялар саласында мамандар даярлаудың бірегей жүйесін қалыптастырды. Бұл жұмыс еліміздің ұзақмерзімді энергетикалық және ғылыми-технологиялық дамуына қызмет ететін білікті кадрлар даярлауға бағытталған. Сұхбаттағы маңызды ойлардың бірі тарих мәселесіне қатысты. Тарихты танымалдық үшін бұрмалау, дәлелсіз аңызға сүйеніп қоғамдық пікір қалыптастыру ұлттың тұтастығына қауіп төндіреді. Тарих қоғамды бөлу емес, ұйыстыру қызметін атқаруы тиіс. Бұл тұрғыда тарихи білімнің дерекке, ғылыми әдіске және кәсіби жауапкершілікке негізделуі ерекше маңызға ие. Университет қабырғасында осы ғылыми мәдениетті нығайту — принципті міндет», - дейді ол.

Жалпы, сұхбаттан туындайтын басты қорытындыларға тоқталған ректор жаңғыру табысы білімге, тәртіпке, еңбекке және әділдікке негізделген ортақ жауапкершілікке сүйенеді. Университет қауымдастығы үшін бұл қағидаттар күнделікті жұмыстың, білім беру мен тәрбие үдерісінің өзегіне айналуы тиіс дейді.

Серіктес жаңалықтары