Атырау облысында із-түзсіз жоғалып кеткен бүтін бір отбасының Өзбекстанда екені рас па

Автор: Аягөз Құрмаш

25 желтоқсанда полицияға олардың туыстары арызданған

Фото: https://azh.kz/ru/news/view/123504

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылынан тұтас бір отбасының із-түзсіз жоғалып кеткен. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер жағдайдың одан әрі күрделене түскенін көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Әлеуметтік желілерде өзін «Атыраудан шыққан хакермін» деп таныстырған белгісіз адам жоғалған отбасының ұлы Наурызға тиесілі SIM-карталар әлі де мезгіл-мезгіл қолданылып отырғанын мәлімдеген.

Оның айтуынша, бұл нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген. Сондай-ақ, аталған нөмірлер арқылы WhatsApp мессенджеріне тәулігіне бірнеше рет кіріледі деген ақпарат бар.

Туыстарының айтуынша, қараша және желтоқсан айларына арналған зейнетақы төлемдерін белгісіз біреулер шешіп алған. Бұдан бөлек, үйдегі мал басы WhatsApp арқылы сатылғаны туралы да дерек тарады. Бұған дейін бұл хат-хабарлар отбасының ұлының атынан жазылғаны хабарланған.

Аталған деректерді таратқан адам мемлекеттік органдардың ресми базаларында жоғалған отбасы мүшелерінің Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі жоқ екенін алға тартады. Сонымен қатар, оның сөзінше, Түркістан облысында Өзбекстанға заңсыз өтетін бейресми жолдар бар және белгісіз тұлғалар соларды пайдалануы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде отбасының күйеу баласы жоғалған әйелдің банктік картасын шетелде, оның ішінде Бали аралында пайдаланып жүр деген ақпарат та тарады. Алайда бұл мәліметтер құқық қорғау органдары тарапынан ресми түрде расталған жоқ.

Өзін хакер деп атаған адам мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек ашық деректерді, SIM-карталарға қатысты техникалық ақпаратты және байланыс операторларынан алынған мәліметтерді талдағанын айтады. Ол сондай-ақ күдікті тұлға бар екенін де меңзеген.

«Мен ешқандай жүйені бұзған жоқпын. Ашық дереккөздер мен техникалық мәліметтерді ғана сараладым. SIM-карталардың қолданылуы үлкен күмән тудырады», – делінген оның жазбаларында.

2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары – Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Насип Өтешқалиева және балалары Мирагүл мен Наурыздан ешқандай хабар жоқ. Туыстары отбасының еш түсініктемесіз жоғалып кеткенін және байланысқа шықпағанын айтады.

Атырау облысының полициясы төрт адамды да ресми түрде іздеуге жариялаған. Бағдарлау парақтары таратылып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ Атырау облысының полициясы желіде өтірік-шыны аралас ақпарат тарап жатқанын айтты.

Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың айтуынша, 25 желтоқсанда жоғалған азаматтың үй иесінің апасы келіп арызданған.

«Арыз тіркеліп, қазір іздеу жүріп жатыр. Оларды республика бойынша іздеп жатырмыз. Емделу орындары қаралып жатыр. Азаматтардың телефондары Қазақстан аумағында қосылып, өшкен. Тағы екі адамды іздестіріп жатырмыз. Бірақ олардың ата-аналары арыз түсірмеді. Олардың аман-есен екені белгілі. Себебі Сарыағаштан Өзбекстанға өтіп, шетелге өткені мәлім. Ал күйеу баласына келетін болсақ, ол өз келінін емдеуге алып бара жатқанын айтқан. Анасымен сөйлескен», - деді ол.