«Таза Қазақстан»: онлайн-платформаға астаналықтардан 3 600-ден астам өтінім түскен

Автор: Алмас Ерсін

Платформаның басты артықшылығы – тұрғындармен жедел әрі ашық байланыс орнату

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу мәселелері бойынша өтінім жолдауға арналған «Таза Қазақстан» онлайн-платформасының жұмысы нәтижелі түрде жалғасып келеді. Қала тұрғындары арасында бұл қызметке сұраныс жоғары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

«Таза Қазақстан» платформасы арқылы әрбір қала тұрғыны абаттандыруға қатысты өзекті мәселелерді көтере алады.

«Платформа іске қосылғаннан бері мұнда барлығы 3 669 өтінім келіп түскен. Оның 3 305-і толық орындалған, тағы 3 өтінім орындалу үстінде, қалғаны – қаралу сатысында», - делінген хабарламада.

Өтінімдердің басым бөлігі аумақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу, көгалдандыру, сондай-ақ рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою мәселелеріне қатысты.

Барлық ескерту мен ұсыныс уақтылы қаралып, тұрғындарға келтірілетін қолайсыздықтарды барынша азайтуға мүмкіндік беріп отыр.