Бір түнде 18 мың текше метр қар шығарылды
Астанада қысқы кезеңде қала көшелерін күтіп-ұстау жұмыстары күшейтіліп, тәулік бойы жалғасуда. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық қызметтердің мәліметінше, өткен түнде қар полигондарына 18 мың текше метрден астам қар шығарылған. Жұмысқа 1356 ауыр жүк көлігі тартылған.
4 қаңтар күні таңертеңнен бастап:
• 3 мыңнан астам жол жұмысшысы;
• 1675 бірлік арнайы техника қаланың жол-көше желісін тазалауға кіріскен.
Қар тазалау жұмыстары негізгі магистральдарда, аулаішілік жолдарда, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында жүргізіліп жатыр.
Әкімдіктің дерегінше, қыс маусымы басталғалы бері елордадан 1,5 млн текше метрден астам қар шығарылған. Бұл 116 629 ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.
Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдар; тротуарлар; жаяу жүргіншілер аймақтары көктайғаққа қарсы материалдармен өңделуде.
Қар тазалау және өңдеу жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жолда және тротуарларда сақ болуға, ауа райы жағдайын ескеріп, сапарларын алдын ала жоспарлауға шақырды.