Әуежайдың барлық қызметі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр
Астана халықаралық әуежайында келу және ұшу бағыттары бойынша шамамен 40 әуе рейсінің кешігуі тіркелді. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әуежай мәліметінше, қазіргі уақытта:
• 23 рейс – қонуға,
• 16 рейс – ұшуға кешігіп отыр.
Ұшу рейстерінің кешігуіне әуе кемелерінің бастапқы бағыттардан уақытынан кеш жетуі себеп болған.
Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, барлық қызмет қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Ұшақтарға қызмет көрсету рейстердің келуіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
«Әуежайдың барлық қызметі штаттық режимде жұмыс істеп, рейстерге қызмет көрсетуді жалғастыруда», – делінген хабарламада.
Әуежай өкілдері жолаушыларға рейс мәртебесін әуе компанияларының ресми өкілдерінен немесе сайттарынан алдын ала нақтылауға кеңес береді. Әсіресе ауа райы қолайсыз кезеңдерінде рейс кестесінде өзгерістер жиі болуы мүмкін.