Үй жануарларына арналған дайын жем өндіретін зауыт салынады

Автор: Алмас Ерсін

Алматы облысында инвестиция көлемі 88 млрд теңгеден асатын үй жануарларына арналған азық өндіру зауыты салынады

Фото: ҚР Үкіметі

ҚР Президентінің Алматы облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде үй жануарларына арналған дайын жем өндіретін зауыт салу жобасы іске асырылады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Mars Petcare Kazakhstan» ЖШС-мен Қонаев қаласында зауыт салу туралы келісім жасады. Инвестицияның жалпы көлемі 88,8 млрд теңгеден асатын кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 100 мың тонна өнім.

«2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін нысанды салу және пайдалануға беру жоспарланған. Жұмыс 2031 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Зауытта 200 жұмыс орны ашылады, оның кемінде 85%-ы қазақстандықтар үлесіне тиесілі. Сонымен қатар компания кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр», - делінген хабарламада.

Жобаны жүзеге асыру еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып, қосылған құны жоғары өнімдер желісін кеңейтуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және өңірде тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тегтер: