Заңсыз аңшылықпен айналысқан бірнеше адам ұсталды
Қазақстанда киіктерді заңсыз аулау дерегі бойынша ірі операция жүргізілді. Ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен Қарағанды облысының криминалдық полиция қызметкерлері үш ер адамды браконьерлікке күдікті ретінде ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында күдіктілерден 1127 дана киік мүйізі тәркіленді. Жалпы салмағы шамамен 400 келіні құрайды. Сонымен қатар олардан екі тегіс ұңғылы мылтық анықталған.
Тергеу жалғасып жатқан кезде, 24 желтоқсанда Павлодар облысында, Ресеймен шекара маңында тағы бір топ әшкереленді. Бұл жолы екі адам ұсталды, олардың біреуі – шетел азаматы.
Полиция мәліметінше, күдіктілер 1882 киік мүйізін мемлекеттік шекара арқылы контрабандалық жолмен алып өтпек болған. Заңсыз жүк жүк көлігінің ішінде алдын ала жабдықталған арнайы орынға жасырылған.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар браконьерлікке қатысы бар өзге тұлғаларды анықтауды жалғастыруда.