Олардан 2025 жылғы қазан айынан бері еш хабар жоқ
Атырау облысының полициясы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылынан жоғалған төрт адамнан тұратын отбасын іздестіріп жатыр. Туыстары мен ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасы мүшелерінен 2025 жылғы қазан айынан бері еш хабар жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Із-түзсіз жоғалған отбасы туралы мәліметтерді алғаш болып жергілікті «Ақ Жайық» басылымы жариялады. Редакция полицияның ресми іздеу парағын да ұсынған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасының ұлы Наурыз алғаш болып жоғалған. Бұл оқиға полицияға ресми арыз түспей тұрып 5–6 ай бұрын болған. Ол жақындарына Ақтау бағытына жұмыс іздеп бара жатқанын айтқанымен, нақты қайда және кімге баратыны белгісіз болып қалған. Сол кезден бастап онымен байланыс толық үзілген.
Ал 2025 жылдың қазан айында бүкіл отбасы ауылдан кеткен. Көршілеріне олар дәрігерге қаралу үшін жолға шыққанын айтқан. Алайда қай қалаға барғаны, қай медициналық мекемеге жүгінгені, ем қабылдаған-қабылдамағаны туралы ешқандай расталған ақпарат жоқ.
Алаңдаушылықты күшейтетін жайт – отбасының қызы Мирагүлдің үшінші топ мүгедектігі бар екені.
Редакция анықтаған тағы бір күмәнді дерек – отбасы кеткеннен кейін ұлдың атынан WhatsApp мессенджері арқылы барлық мал сатылған. Түскен қаражат Максот Қарабалиннің жеке есепшотына аударылғаны айтылып отыр.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының мәліметінше отбасы такси қызметін пайдаланбаған, қалааралық автобус билеттерін сатып алмаған.
Бұл олардың ресми тіркелген жүріп өткен маршруты жоқ екенін көрсетеді.
Осы жағдайларға байланысты ауылдастар арасында отбасыны жеке көлікпен алып кетуі мүмкін деген нұсқа жиі айтыла бастады. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Отбасының жоғалғаны туралы ресми арыз полицияға 2025 жылдың қараша айының басында түскен. Содан бері бір жарым айдан астам уақыт өтсе де, іздеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде нақты мәлімет жарияланбаған.
Қызылқоға ауданының тұрғындары әлеуметтік желілерде бір отбасының түгел жоғалуы, куәгерлер мен бейнежазбалардың болмауы, қозғалыс маршрутының анықталмауы сияқты жайттарға алаңдаушылық білдіруде.
Кей жазбаларда отбасы зорлықпен әкетілуі мүмкін деген қауіп те айтылуда.