2026 жылы Қазақстанда жаңа әуежайлар мен рейстер ашылады

Автор: Дәулет Ботагөз

Елде авиаинфрақұрылым ауқымды жаңғыртудан өтпек

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

2026 жылы Қазақстанда жаңа әуежайлар іске қосылып, ішкі және халықаралық әуе рейстерінің саны артады. Бұл туралы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Мегаполис әуежайларында ірі жобалар басталады

Комитет басшысының айтуынша, еліміздің ірі авиациялық хабтарында бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Атап айтқанда, Астана мен Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады.

Сонымен қатар Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылып, Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Өңірлерде жаңа әуежайлар ашылады

2026 жылы өңірлік авиацияны дамыту да назардан тыс қалмайды. Жоспарға сәйкес:

  • Атырау әуежайында жаңа терминал салынады;
  • Павлодар әуежайының аэродромы реконструкцияланады;
  • Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар пайдалануға беріледі;
  • Арқалық әуежайы қайта қалпына келтіріледі.

Бұл жобалар өңірлердің көлік қолжетімділігін арттырып, ішкі туризмнің дамуына серпін бермек.

23 әлеуметтік маңызы бар әуе бағыты субсидияланады

Аймақаралық қатынасты дамыту үшін 23 әлеуметтік маңызы бар әуе маршрутын субсидиялау бағдарламасы жалғасады. Бұл шалғай өңірлерге әуе қатынасын қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ әуежайларда Jet A-1 авиаотынын сақтау және құю жүйесі жаңартылады, бұл авиакомпанияларға қызмет көрсетудің сенімділігін арттырмақ.

Әуе кемелері саны артып, халықаралық рейстер кеңейеді

Салтанат Томпиеваның мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін авиакомпаниялар тоғыз жаңа ұшақ сатып алады. Нәтижесінде елдегі әуе кемелерінің жалпы саны 118-ге жетеді.

Халықаралық бағыттар да кеңеймек. Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс, Еуропа және Азия елдеріне жаңа рейстер ашылып, қолданыстағы бағыттардағы ұшу жиілігі артады. Жоспарланған қалалар қатарында Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Шанхай, Варшава және өзге де мегаполистер бар.

Азаматтық авиация 2050 жылға дейін дамытылады

Сонымен қатар салада кадр даярлау жүйесін реформалау, жаңа авиациялық оқу орталығын құру, паспорттық бақылау мен жүк рәсімдеу процестерін цифрландыру көзделіп отыр.

2026 жылы ICAO-мен бірлесіп азаматтық авиацияны 2050 жылға дейін дамытуға арналған мастер-жоспар әзірлеу аяқталады. Бұл Қазақстанның халықаралық авиация жүйесіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.