Қылмыстық іс қозғалды
Ақтау қаласында полиция қызметкерлері арнайы бөлімшелермен бірлесіп жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, есірткі заттарын заңсыз тасымалдау әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пошта арқылы келген сәлемдемені алған сәтте күдіктілер полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, автокөлікпен қашып кетуге тырысқан. Қудалау барысында олар ораманы жолға лақтырып, қозғалысын жалғастырған. Кейін жол-көлік оқиғасына ұшырап, жаяу қашпақ болған кезде ұсталды.
«Оқиға орнынан табылып, тәркіленген орамаға жүргізілген сараптама нәтижесінде оның ішінде жалпы салмағы шамамен 400 грамм героин бары анықталды. Аталған дерек бойынша есірткі заттарын заңсыз тасымалдау фактісімен қылмыстық іс қозғалды.Ұсталған екі адам да медициналық куәландырудан өтті, нәтижесінде олардың ағзасынан есірткі заттарының іздері табылды. Сот шешімімен жүргізушіге көлік құралын есірткілік мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылып, автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Сонымен қатар, екі күдікті де медициналық емес мақсатта есірткі тұтынғаны үшін арнайы қабылдау орнына қамалды, бұл да қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.