Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды – Тоқаев

Автор: Алмас Ерсін

Президент энергетикалық қауіпсіздік еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің ұлттық энергетикалық жүйенің орнықтылығына арналған отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.

Президент энергетикалық қауіпсіздік еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанның электр қуатын өндіруге қажетті ресурстары жеткілікті. Дегенмен сұраныстың ұдайы артуы қуат көздерін ұтымды әрі оңтайлы пайдалануды талап етеді. Кеңесте отандық электр қуатын қажеттілікке қарай икемдеп өндіру мәселесі қозғалды. Соның ішінде газ генерациясы, энергия сақтау жүйелерін дамыту жоспарларымен қатар гидроэнергетиканың әлеуеті өзекті саналады», - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысының айтуынша, аграрлық секторға, өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды.

Сонымен қатар саланың ғылыми-техникалық және кадрлық жай-күйіне айрықша назар аударылды. Кәсіби кадрларды даярлау гидроэнергетика бағытындағы ғылыми-зерттеу базасын дамыту үшін де керек.

Жиын соңында Үкіметке және өңір әкімдеріне отандық энергетика жүйесінің тұрақтылығына қатысты мәселелерді жан-жақты шешу тапсырылды.