Ыстанбұлда қазақтың дәстүрлі концерті өтті

Автор: Аягөз Құрмаш

Түркия жұртшылығы Қазақстанның бай музыкалық мұрасымен танысты

Фото: gov.kz

Түркияда қазақтың дәстүрлі және заманауи музыкалық өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған «QAZAQ CONCERT» атты концерттік бағдарлама өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ыстанбұлдағы бас консулдығының қолдауымен, сондай-ақ «QAZAQ CONCERT» шығармашылық ұжымы қатысуымен ұйымдастырылды.

Концерттің басты мақсаты – Қазақстанның бай музыкалық мұрасын Түркия жұртшылығына таныстыру, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету және қазақ ұлттық өнерін халықаралық деңгейде дәріптеу. Іс-шара аясында дәстүрлі халық әндері, күй өнері және этно-заманауи музыкалық шығармалар көрермен назарына ұсынылды.

Кеш барысында Қазақстанның белгілі өнер шеберлері – Нұрболат Арзамасұлы, Перизат Тұрар, Жанту Дадабаев және Ақерке Тәжібаева өнер көрсетті. Әрбір орындаушы өз репертуарында ұлттық болмысты, тарихи сабақтастық пен заманауи музыкалық өрнекті үйлестіре отырып, көрермендерге ерекше мәдени әсер сыйлады.

Аталған іс-шара – бұл тек концерттік бағдарлама ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының рухани құндылықтарын, ұлттық болмысын және мәдени әртүрлілігін халықаралық аудиторияға танытатын маңызды мәдени алаң болды.