Ресей даласынан табылған екі қазақ жауынгерінің сүйегі туған елде жерленетін болды

Автор: Бақыт Шынар

Олардың сүйегі Псков облысынан табылған

Фото: gov.kz

Ресейдің Псков облысындағы даланы зерттеген зерттеушілер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде із-түссіз жоғалған екі қазақ жауынгерінің сүйегін тапқан. Олар – Байбол Рахметов пен Мұсақан Қалмырзаев, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемориалды аймақ» іздеу тобының негізін қалаған профессор Майдан Құсайынов соғыста қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына қайтыс болғаннан кейін берілетін «Ерлік пен борышқа адалдық» медалін табыс етті.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қызылорда облысының тумасы Байбол Рахметов 1917 жылы туған. 1101-ші атқыштар дивизиясы, 356-шы атқыштар полкінде оқтаушы атқыш болып қызмет еткен. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Оның сүйегін «Обелиск» іздеу тобы іздеп тапқан.

Мұсақан Қалмырзаев 1921 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Оның сүйегін Псков облысындағы Турки-Перевоз ауылы маңынан «Псковский рубеж» іздеу тобы тапқан.