Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы ресми түрде берілді

Автор: Асыл Арман

Президент тиісті жарлыққа бүгін қол қойды

Фото: Архив

Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толғанын, даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал екенін айрықша атап өтті.

«Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек.

Сондықтан мен мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады», – дейді президент.

Ол өз сөзінде батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс екенін айтты.

«Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.