Жұманғарин бизнес көтерген негізгі мәселелерге назар аударды
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «AMANAT» партиясының Үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Күн тәртібінде тауар өндірушілер тізілімі, салық және отандық бизнесті қолдау шаралары бар. Бұл кеңес бизнес пен мемлекет арасындағы тұрақты әрі нақты диалогқа арналған жаңа жұмыс алаңы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеңес тең төрағалық форматта жұмыс істейді. Партия тарапынан «AMANAT» хатшысы Елдар Жұмағазиев, Үкімет тарапынан премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Отырысты ашқан Елдар Жұмағазиев кәсіпкерлікті қолдау «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнесте жиналған мәселелер бір реттік шешімдермен емес, жүйелі әрі тұрақты диалог арқылы шешілуі тиіс.
Серік Жұманғарин Үкімет үшін бұл кеңес нақты нәтиже беруге бағытталған жұмыс құралы екенін айтты.
«Бұл алаңдағы ашық диалог бизнеске деген сенімге және елдің болашақ экономикалық өсіміне тікелей әсер ететін нақты шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысы болды. Кәсіпкерлер жүйенің сынақ режиміндегі техникалық және әдістемелік қиындықтарын көтерді. Уәкілетті органдар барлық қолданыстағы кәсіпорындар тізілімге енгізілгенін және өтпелі кезеңде сатып алуларға қатысу мүмкіндігі сақталатынын түсіндірді.
Салық мәселелерінде кәсіпкерлер жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін субъектілер үшін B2B мәмілелер бойынша шегерімдерге тыйым салу тақырыбын көтерді. Вице-премьер жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін оның нақты қолданылуы кемінде жарты жыл бойы бақылауда болатынын айтты.
Сонымен қатар, тұтынушылық кредиттеуге қойылған шектеулердің сауда мен шағын бизнеске әсері талқыланды. Үкімет бұл мәселе бойынша мемлекет басшысына кешенді талдау ұсынғанын, ал қаңтар айында Ұлттық банк, қаржы реттеушілері мен бизнес өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтетінін хабарлады.
Отырыс соңында Серік Жұманғарин Үйлестіруші кеңестің бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде сұранысқа ие екенін атап өтті. Кеңестің отырыстары енді тұрақты түрде, тоқсан сайын өткізіліп отырады.