Оқиға биыл 7 шілде күні болған
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қыз балаға аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған 14 жастағы жасөспірімге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың анықтауынша, 2025 жылғы 7 шілдеде сотталушы көшеде кәмелетке толмаған қызды кездестіріп, алдап, адам қарасы аз жерге алып барған. Сол жерде қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданып, оны зорлаған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленушінің заңды өкілі қатаң жаза тағайындап, 20 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өндіруді талап етті. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді өтінді.
Айып толықтай жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының кәмелетке толмағанын, бұрын сотты болмағанын және кінәсін ішінара мойындағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
2025 жылғы 23 желтоқсандағы сот үкімімен жасөспірімге кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеу шартымен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Сотталушыдан жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына 8 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді», — делінген хабарламада.
Сотта мұндай қылмыстардың аса ауыр санатқа жататыны және құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екені атап өтілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.